Ізгілендіру туралы заңы Астанадағы криминогендік ахуалға қалай әсерін тигізді

23 қараша 2018 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

2018 жылғы шілдеде қылмыстық процестің репресивтігін төмендету және оның төнірегіндегі азаматтар құқықтарының кепілдіктерін нығайтуға бағытталған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сонымен қатар, ілеспелік 11 Заңға түзетулер мен толықтырулар енгізілді.

Қылмыстық – атқару кодексіне айыппұлдарды төлеу шарттарының жақсаруы және қоғамға қауіпті емес сотталғандарды қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге жіберу сипатындағы түзетулер бар.

Бірінші рет 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылған әлеуметтік жағынан қауіпті емес сотталғандар (медицина, экология, ақпараттандыру, экономика саласындағы қылмыстар) үшін жазаны өтеу шарттары жеңілдетілді. Бұрын осындай істер бойынша сотталғандар жазаны орташа және қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде зорлық-зомбылық, қарақшылық, зорлау, кісі өлтіру қылмыстары үшін сотталғандармен бірге өтеген.

Енді оларды қылмыстық ортаның жағымсыз әсерінен оқшаулау үшін қауіпсіздігі барынша төмен мекемелеріне жіберіледі.

Қылмыстық-процестік кодексте кепілдік мөлшерінің минималды шегі үш есе төмендетілген (онша ауыр емес қылмыстар үшін 50-ден 30-ға,  орташа қылмыстар үшін 250-ден 200-ге, ауыр қылмыстар үшін 500-ден 350 айлық есептік көрсеткішке дейін), ал онша ауыр емес және орташа қылмыстар үшін кепілдік мөлшерінің жоғарғы шегі белгіленген (онша ауыр емес қылмыстар үшін 120, орташа қылмыстар үшін 350-ге дейін).

Қылмыстардың 36 түрі бойынша бас бостандығынан айыру жазасының жоғары шегі төмендетілді. Ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері бес жылға дейін қысқартылды (бұған дейін ауыр қылмыстар үшін 15 жыл, ал аса ауыр қылмыстар үшін 20 жыл болатын, қазіргі кезде сәйкесінше 10 және 15 жыл).

Енді соттар 19 қылмыстық құқық бұзушылық бойынша залалдың өтелуін және басқа да жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауы мүмкін. Заң күшіне енген кезден бастап Астана қаласының соттарымен осындай істер бойынша 31 тұлғаға қатысты бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Мүліктік қылмыстар бойынша жәбірленушіге келтірілген залал өтелген жағдайда (ұрлық, алаяқтық, бөтен мүлікті иемденіп алу және талан-таражға салу) бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар қарастырылған. Заң күшіне енген сәттен бастап осы санаттағы қылмыстық істер бойынша 22 адамға бас бостандығынан айыруға балама жазалар тағайындалған.

Бұрын ауыр мүліктік қылмыстар бойынша бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Айыппұлдың минималды шегі 500-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін қысқартылды (1,2 млн.-нан 481 мың теңгеге дейін төмендетілді). Қазір айыппұлды тағайындау кезінде сотталғанның мүліктік және отбасылық жағдайы, жалақы мен басқа да табысты алу мүмкіндігі ескеріледі.

Өзгерістер соттармен тәжірибеде кеңінен қолданылуда.

Осы жылы айыппұлдың тағайындалуы екі есеге өсті, өткен жылы 264 тұлғаға тағайындалса, биыл 411. Олардың орындалуы да өткен жылғы көрсеткіштен 45%-дан жоғары болып отыр (2017 жылы – 15%, осы жылы – 60%).

Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза кеңінен қолданыла бастады. Егер өткен жылы соттармен бұл жаза 120 адамға қолданылса, биыл ол 230-ға дейін өскен.

Жоғарыда аталған жағдайларда қылмыстық заңның ізгіленуі жалпы қылмыстық ахуалға кері әсерін тигізбеген, себебі ол қауіпті қылмыскерлерге қолданылмайды. Атап айтқанда, жеке адамға қарсы, террористік және ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жауаптылық бұрынғыша қатаң өзгеріссіз қалды.

 

Астана қаласының прокуратурасы

 

 

 

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу